Сиднейде 79 жылдан кейін алғаш рет 47 градус ыстық болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Австралияның ірі қалаларының бірі Сиднейде ауа температурасы 79 жылдан бері алғаш рет 47 градустан асты. Бұл туралы ВВС хабарлайды.
Билік қауіпсіздікті сақтау мақсатында тұрғындарға алау жағуға, кәуап пісіруге тыйым салды. Виктория және Оңтүстік Австралия штаттарында бірнеше үйде өрт болған.
Ауа температурасы 1939 жылғы рекордқа (47,8 градус) жақындап, сынап бағаны 47,3 градусты көрсетті. Ерекше ыстық ауа райы салдарынан Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында 7000-ға жуық үй электр жарығынсыз қалды, деп жазады Sydney Morning Herald.
Бұдан тыс, крикеттен Австралия және Англия арасындағы халықаралық матч, теннис турнирлері кейінге шегерілді.