13:39, 15 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Сиднейде лаңкес 40-қа жуық адамды кепілге алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең қаруланған ислам атын жамылған лаңкес Сидней орталығында Орталық банк ғимаратымен қатар орналасқан Lindt шоколад фабрикасының дүкені жанындағы дәмханада 40-қа жуық адамды кепілге алды.
Ол Австралия премьер-министрі Тони Эбботпен кездесуді талап етіп, қала бойынша төрт жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған.
Лаңкес 10 дәмхана қызметкерін және 30 тамақтануға келген адамды кепілге алған. Олардың бәрін қорқыныш пен үрей үстінде ұстап отыр, деп хабарлады РИА «Новости».
Полиция шабуыл жасаған тек бір террорист деп санайды, тәртіп сақшылары оның сыбайластары бар-жоғын анықтауда. Австралиялық БАҚ деректеріне сүйенсек, ол «жанкешті белдігін» таққан.
Австралияның премьер-министрі Тони Эббот Сиднейдегі жағдайды «Төтенше қауіпті оқиға» деп сипаттады.