Сильвио Берлускони митингіде өз жақтастарының бірінің соққысына ұшырады
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат - Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлускони өз жақтастарының митингісінде шабуылға ұшырады.
Таяқ жеп, мұрны бұзылған үкімет басшысы дереу ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Рейтер агенттігінің хабарлауынша, оқиға Миланда митинг кезінде орын алған. Сөз сөйлеп болғаннан кейін, Берлускони өз жақтаушыларының ортасына кіріп, автограф тарата бастайды. Кенеттен қолына шағын мүсін ұстаған белгісіз біреу С.Берлусконидің бетінен ұрады.
Шабуыл жасаушы ұсталған, ал Берлускониді ауруханаға жатқызуға тура келген. Оқиға салдарынан премьердің ерні жыртылып, екі тісі сынған. Ауруханада анықталғандай, премьердің мұрны да сынған.
Шабуыл жасаушы бұрын сотталған 42 жастағы Массимор Тарталья деген азамат болып шықты. Оны полиция алып кетті. М.Тартальяның шабуыл жасауына не себеп болғаны әзірге белгісіз, тек оның бұрын психиатрдың бақылауында болғаны айтылуда.
С.Берлусконидің саясаты Италияда көптеген дау-жанжал туғызып отырғанын айта кету керек. Солшылдардың пікірінше, Италия Берлусконидің басшылығымен авторитарлық режімге ауып барады.