Silk Way арнасы Ресей президентін Ақордада қарсы алу рәсімін тікелей эфирде көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин елімізге мемлекеттік сапармен келеді.
Silk Way телеарнасы Владимир Путинді Ақордада қарсы алу рәсімін тікелей эфирде көрсетеді.
Сондай-ақ шараның онлайн трансляциясы Silk Way Qazaqstan Youtube арнасында жүргізіледі.
Бұған дейін хабарланғанындай, сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіледі. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің ХХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция режимі арқылы қатысады.
28 қараша күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді. Жиында аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады.
Айта кетсек, сапар қарсаңында «Известия» газетіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» атты мақаласы шықты.
Ал «Казахстанская правда» газетінде Владимир Путиннің мақаласы жарияланып, іргелес мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы ойын жеткізді.