Silk Way Star бірден 12 елге танылуға мүмкіндік береді — әділқазы мүшесі Самира Эфенди

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Азия елдерінің алғашқы ірі вокалдық байқауы — Silk Way Star жобасының түсірілімі жалғасып жатыр. Байқауға 12 елдің таланттары қатысып жатыр. Бұл жоба тек музыкалық сайыс емес, Азия елдері арасындағы мәдени көпір. Әр қатысушы өз елінің музыкасын, дәстүрін, тілін, мәдениетін әлемге танытады. Жобаның әділ қазы мүшесі, әзербайжандық танымал әнші Самира Эфенди Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында сұхбат берді. 

Самира Эфенди
Фото: Видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, қазылық ету — орындаушылықтан мүлде бөлек, жауапкершілігі жоғары әрі қиын міндет.

— Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес, 2017 жылы Алматыда өткен алғашқы Silk Way Star байқауына қатысқанмын. Осы жолы ұйымдастырушылар тарапынан әділқазы ретінде шақырту алғанымда таңқалдым. Бұл мен үшін жаңа әрі күрделі тәжірибе. Қатысушыларды бағалау — олардың шығармашылық тағдырын шешетін үлкен жауапкершілік. Сондықтан өз білімім мен тәжірибемді толық қолдануға тырысып жатырмын, — деді Самира Эфенди.

Әзербайжандық қонақ байқауда әр қатысушының вокалдық деңгейі, харизмасы, сахнамен және көрерменмен байланысы, хореографиясы, музыкалық талғамы, тіпті стилі мен образдары ерекше назарға алынатынын атап өтті.

— Барлық 12 қатысушы өз ерекшеліктерімен есте қалды. Барлығының дауыс диапазоны жақсы, өздерінің жеке стилі бар. Дегенмен, олар әлі жас, тәжірибелері аздау. Бірақ уақыт өте келе олардың үлкен жұлдыздарға айналатынына сенемін. Қатысушыларға өзіне сенім артып, қандай жағдайда да алға қойған мақсаттан таймауға кеңес айтамын. Баға мен орын маңызды емес, ең бастысы — үздіксіз даму, өз-өзіңмен жұмыс істеуді тоқтатпау, — дейді әнші.

С. Эфенди мұндай ауқымды байқаулар жас орындаушылар үшін танымал болуға жол ашатын үлкен мүмкіндік екенін де айтады.

— Қатысушыларды бірден 12 елдің көрермені тани бастайды. Жаңа таныстар, тың аудитория пайда болады, үлкен тәжірибе жинақталады. Мен осындай халықаралық жобалар көбейсе екен деймін. Бұл — болашақ үлкен сахналарға апаратын маңызды баспалдақ, — деді Самира Эфенди.

Айта кетейік, Silk Way Star шоуы 20 қыркүйектен бастап Silk Way, Jibek Joly, Қытайдың CCTV-3 арнасында және қатысушы елдердің ұлттық арналарында көрсетіледі.

ҚР Президентінің Телерадио Кешені Президенті мен CMG медиакорпорациясы ұйымдастырып отырған байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея өкілдері қатысады.

«Silk Way Star» байқауы бірқатар Азия елінде телеарнадан көрсетіледі

Онда Қазақстан атынан әнші Alem өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар