Silk Way Star: Мұнда вокалдық мегажобаның жарқын жұлдыздары жанады

АСТАНА.KAZINFORM - Silk Way Star жобасының визуалды ерекшелігінің негізгі элементтерінің бірі - Анарбек Жардемов бастаған қазақстандық стилистер командасы жасап шыққан жүзге жуық ерекше костюм, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Silk Way Star
Photo credit: Viktor Fedyunin/Kazinform News Agency

Шоуға қатысушылар, жүргізушілер, қазылар алқасы және балет бишілерін қамтитын барлығы 500-ден астам стиль дайындалды. Костюмдердің 70%-дан астамы, атап айтқанда күрделі кестелеуден бастап сәндік элементтерге дейін қолдан тігілді. Дайындық жұмыстарына стилистер, визажистер және шаштараздарды қоса алғанда, шамамен 40 маман қатысты.

Шығармашылық процесс: Әннен эскизге дейін

Жоба бойынша жұмыс алғашқы хабар таратудан бір ай бұрын басталды. Алайда, бас стилистің айтуынша, кейбір жеке стильдер бір түнде жасалып шықты. Дайындық процесі мұқият құрылымдалған. Әнді таңдағаннан кейін режиссерлер қойылымның тұжырымдамасын жасайды, ал стилистер эскиз жасап, маталарды таңдайды және стильді толығымен құрастырады.

- Әрбір костюм ән идеясын ашады. Көрерменге байқалмаса да, біз әрбір бөлшекке мағына береміз, - дейді Анарбек Жардемов.

Кейде қатысушылар өз идеяларын ұсынады. Мәселен, түркімен орындаушысы Довран үшін стилисттер анасына арналған әннің эмоционалдылығын көрсететін ертегіге сәйкес костюм жасады.

Халықаралық ауқым және мәдени ерекшеліктер

Silk Way Star Шығыс Азиядан Кавказға дейінгі әртүрлі шығармашылық мектептер мен менталитеттері бар әртістерді біріктіреді. Бұл командадан икемді болуды және әр әртістің тәсіліне бейімделуді талап етеді. Тілдік нюанстар мен нақты қабылдауларға қарамастан, стилистер әртістер мен команда арасындағы сенім сәтті өнер көрсетудің кілтіне айналғанын атап өтеді.

Қатысушылар өздерінің ұлттық болмысын сахналық бейнесі арқылы білдіруге тырысады. Мысалы, Моңғолиядан келген Мишель Джозеф өнеріне өз ұлтының элементтерін біріктірді, бұл оның костюмдерінің бөлшектерінде көрініс тапты.

Жүргізушілер мен қазылар алқасына арналған ерекше образдар

Жүргізушілер мен қазылар алқасына бөлек, күрделі костюмдер дайындалды. Бірінші эпизодта көрермендерге қолмен кестеленген алтын әшекейлері бар патшалық барқыт ұсынылды, оны дайындауға бір апта кетті. Финалда жүргізушінің жаңа сахналық киімі – ұзын қолғаптары бар күміс түстес көйлек стилінде болды.

Әртістердің эмоциялары мен ризашылығы

Көптеген қатысушылар командаға ашық түрде алғыстарын білдірді. Қытайлық әнші Чжан Хэ Сюань стилистерге қызыл былғары күртеше үшін шексіз алғыс білдірді, ал оңтүстік кореялық Kandis тобы сахнаға алғаш рет кешкі көйлектермен шығып, стилистер жұмысының нәтижесіне таң қалды. Армениялық Саро Геворгян стилистер жұмысының сапасын жоғары бағалады.

Ертең - финал

Silk Way Star гранд-финалы 22 қарашада Астанада өтеді. Тікелей эфир Jibek Joly телеарнасында сағат 20:00-де көрсетіледі. Сондай-ақ, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолияда көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, финалистер:

  1. ALEM (Қазақстан)
  2. Язмин Азиз (Малайзия)
  3. Автандил Абесламидзе (Грузия)
  4. Мишель Джозеф (Моңғолия)
  5. Чжан Хэ Сюань (Қытай)
  6. Саро Геворгян (Армения)
  7. Мадинабону Адылова (Өзбекстан)

Жеңімпаз аралас жүйе бойынша анықталады: 50% қазылар алқасы және 50% онлайн көрермендердің дауыс беруі арқылы. Сіз де өз дауысыңызды silkwaystar.org сайты арқылы бере аласыз.

Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен China Media Group (CMG) медиа корпорациясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды.

Гранд-финал жылдың ең қызықты музыкалық оқиғаларының біріне айналары сөзсіз, ал қазақстандық стилистер жасаған ерекше образдар ауқымды шоудың маңызды бөлігі болды.

Соңғы жаңалықтар