«Silk Way» телеарнасы түрік тілінде хабар таратады

Silk Way
Фото: Silk Way

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың 1 мамырында «Silk Way» телеарнасы түрік тілінде хабар тарата бастайды.

«Silk Way» - елдің ірі медиахолдингі - ҚР Президентінің телерадиокешені құрамына кіретін тұңғыш ұлттық спутниктік телевизиялық арна.

Телеарнаның шетел көрермендеріне ұсынатын өнімдері ақпараттық-сараптамалық бағдарлама, документалды кино және өнер, мәдениет және туризм туралы танымдық жобалардан тұрады.

«Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуғанның айтуынша, түрік тілінде хабар тарату – өнімдерін қазақ, орыс, ағылшын, өзбек және қырғыз тілдерінде дайындайтын арнаның аудиториясын кеңейтеді.

Телеарнаның эфирлік жоспары тұрақты түрде сапалы әрі сұранысы жоғары контентпен толықтырылып отырады. Мысалы, биылғы қаңтарда ағылшын тілінде «Reporter With President» бағдарламасы жарыққа шықты. Онда Мемлекет басшысының Жоғары деңгейдегі кездесулері мен келіссөздерінен эксклюзивті кадрлар көрсетілді.

Бұған қоса биыл «Орел и Решка. Казахи» танымал тревел-шоуының жаңа маусымы іске қосылды. Ол телеканал хабар дайындайтын барлық тілде таратылады.

Телеарнаның ресми сайты: www.silkwaytv.kz

Айта кетейік, 2002 жылдың 25 қазанында телеарна «CaspioNet» брендімен (кейіннен «Kazakh TV», «Qazaq TV» ребрендингтерінен кейін) хабар тарата бастады. 2017 жылдың 16 қарашасында телеарна қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиотректері бар көптілді хабар таратуға көшті. 2018 жылдың 1 мамырынан бастап қырғыз тілінде, ал сол жылдың қарашасында өзбек тілінде хабар тарата бастады. 2024 жылдың 1 мамырынан бастап түрік тілінде хабар тарату басталады.

Соңғы жаңалықтар
telegram