СІМ Бангкокта және бес провинцияда төтенше жағдай жариялануына байланысты Қазақстан азаматтарына Тайландқа бармауға кеңес береді
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі Тайланд Корольдігінің астанасы Бангкокта және оған жақын бес провинцияда төтенше жағдай жарияланғандығына байланысты Қазақстан азаматтарын ол мемлекетке төтенше жағдай мерзімінде бармау туралы кеңес береді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сәуірдің 12-сінде Тайланд Корольдігінің астанасы Бангкокта және оған жақын орналасқан 5 провинцияда төтенше жағдай жарияланды. Бұған аталмыш елде орын алған ағымдағы жылдың наурыз айынан басталған Үкіметке қарсы ірі ауқымдағы бас көтерулер себеп болуда. Тайланд армиясы төтенше жағдайлар режімі аясында іс-әрекет ете отырып, үкіметтік мекемелер мен ірі магистралдарды қорғауда. Жоғарыдағы жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына төтенше жағдай мерзімінде, тіпті келесі мәлімдемеге дейін Тайландқа бармау туралы кеңес береді», - деді бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі Бангкокта және оған жақын аймақтарда жүрген Қазақстан азаматтарына сақтық шараларына айрықша көңіл бөлуге, нақтырақ айтқанда адам көп шоғырланған жерден аулақ болуды, кеш батқан кезде тұрғылықты жерлерінен алысқа ұзамауларын ескертеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Тайландта Қазақстанның 500-ге жуық азаматы жүр. Олардың ішінде ешкім зардап шекпеген. Алайда Қазақстанның Тайландтағы дипломатиялық миссиясына әлі ешкім елге қайту туралы өтініш бере қоймаған. ҚР Сыртқы істер министрлігі елге қайтуға тілек білдірген азаматтарға Қазақстанның Бангкоктағы дипломатиялық миссияның қызметкерлеріне мына нөмірлер бойынша хабарласуларын сұрайды: 8-10-662 234-63-65, 8-10-662 234-63-66 (бұл кеңсенің нөмірі) 8-10-668 560-70-020, 8-10-668 029-20-770 (бұл дипломатиялық миссия қызметкерлерінің ұялы телефондарының нөмірлері). Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігінде арнайы желі ашылып отыр: 8-7172 720434, 720498. ҚР Сыртқы істер министрлігі Тайланд Корольдігінің астанасы Бангкокта төтенше жағдай жарияланғандығына байланысты Қазақстан азаматтарына әзірге ол елге бармау туралы кеңес береді.