СІМ бұрынғы жауапты xатшысы Қарашевтің үйінен 1,5 млн доллар табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - СІМ бұрынғы жауапты xатшысы маусымның басында парамен ұсталған болатын. Қазіргі кезде оған және оның сыбайластарына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты xатшысы Анарбек Қарашев басқа қызметкерлердің қылмыстарын жасырып, пара алып отырған. Олардың ішінде шаруашылық басқарманың жетекшісі Сәкенова, «Дипломатиялық қалашықты салу дирекциясы» ЖШС директоры Нұрекенов, ресми шаралар бөлімінің басшысы Жұмасанова және басқа да тұлғалар бар.
«Қарашевтің үйін тінту кезінде 1,5 млн АҚШ доллары тәркіленді. Ал Нұрекенов 200 мың долларды тығып қойды. Қарашев өзіне қарасты қызметкерлерден тұрақты түрде пара алғаны үшін айыпталып отыр. Ал Сәкенова, Нұрекенов пен Жұмасанова 28 млн теңгеден астам пара алғаны үшін жауапқа тартылды. Ол ақшаны xалықаралық шараларды өткізген кәсіпкерлер беріп отырған», - деді О.Бектенов Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде.
Оған қоса, Қарашев өзінің жиеніне қарасты «Лара групп» атты фирмаға лобби жасап келген. Ол компания мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік сапарларына әуе билеттерін сатып алумен айналысқан.
«Олар комиссияны артық көрсетіп, бюджеттің 9,8 млн теңгесін қолды қылған. Сондай-ақ, Қарашев Өзбекстандағы Қазақстанның елшілігіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаса да, атқарылған жұмыстар жөніндегі актілерге қол қойды. Соның салдарынан бюджет 70 млн теңгеден астам қаржыға шығындалды. Осы іске министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары мен елшілік қызметкерлері қатысуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары атқарылуда», - деп атап көрсетті О.Бектенов.