СІМ мен ҚР-ның АҚШ-тағы елшілігі қазақстандық азамат К.Денякинге қатысты оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі бұл қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел түрде АҚШ Мемлекеттік департаментінің тиісті бөлімшелері мен Портсмут қалалық полиция департаментімен байланысқа шықты.
Қазіргі кезде Портсмут қалалық полиция департаменті өз қызметкерінің іс-әрекетінің заңдылығын анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі өз тараптарынан біздің азаматымыздың өліміне әкелген бұл оқиғаның жан-жақты және егжей-тегжейлі зерттелуін қамтамасыз етуге барлық шараларды қабылдауда. Қазақстан елшілігі АҚШ Мемлекеттік департаментіне арнайы дипломатиялық нота жолдады, аталған нотада оқиғаға байланысты қазақстандық тарап қатты алаңдап отырғандығы және тексеру жұмыстарын жан-жақты және ашық жүргізу туралы талабы айтылған. Өз кезегінде Елшілік Кирилл Денякиннің туыстарына американ тарапынан өтемақы төлеу мәселесі бойынша жетекші заңгерлермен кеңесуде.
Сонымен қатар, ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілімен әңгіме барысында қазақстандық азаматтың өліміне әкеліп соққан оқиғаға байланысты қатты алаңдаушылығын жеткізіп, тергеу жұмыстарын қатаң түрде заңға сәйкес жүргізу туралы мәселені көтерді. Сондай-ақ елшілік американдық тарапты заңда көрсетілген тәртіпке сәйкес өтемақы талап ететіні жайында ескертті.
Қаза тапқан азаматтың анасы Елена Денякина 27 сәуірде тиісті заңдық рәсімдерді және ұлының денесін отанына қайтару үшін АҚШ-қа келді. Елшілік онымен тұрақты байланыста және барынша көмек көрсетуде. ҚР СІМ Кирилл Денякиннің денесін Қазақстанға жеткізуге байланысты шығындарды өтеу үшін материалдық көмек қарастыру мәселесін шешуде.
Бұл оқиға жергілікті БАҚ-тарда жарияланып, онда Кирил Денякин байсалды, момын және ақкөңіл адам ретінде бейнеленген. Біздің отандасымыз жұмыс жасаған «Ренессанс» қонақ үйінің қызметкерлері «бұл хабарды естіп қатты өкінудеміз және аң-таң болып қалдық»,- деді, ал қонақ үйдің бас аспазшысы «ол туралы жаман сөз айтатын адамды табу мүмкін емес»,-деп атап өтті.
Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі аталмыш қайғылы оқиғаны толыққанды және жан-жақты тергеу жүргізу мақсатында ерекше бақылауға алып отыр.