СІМ Прагадағы жарылыстар кезінде зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың бар не жоқ екендігін анықтауда

«Прагадағы ҚР Елшілігі жарылыс барысында зардап шеккен қазақстандықтардың болуын тексеру үстінде. Қосымша хабарлайтын боламыз», - делінген министрліктің Твиттер-аккаунтында.
Айта кетейік, жарылыс Праганың Карлов университетінің әлеуметтану факультеті және Чехия Ұлттық театрының жанындағы үйде болған.
Жарылыс нәтижесінде ғимарат қатты зақымданған. Прагалық құтқарушылар тобының бастығы Зденек Шварцтың айтуына қарағанда, кем дегенде 40 адам, негізінен университет студенттері, жарақаттанған. Көпшілігінің жарақаттары сынған әйнектердің кесіп кетуіне байланысты орын алған. Төрт адам ауруханаға жеткізілді, олар ауыр жарақат алған. Әзірге расталмаған мәліметтер бойынша, жарақат алғандардың біреуі қайтыс болған.
Полиция бүкіл аудандағы адамдарды қауіпсіз жерге көшірді. Университет басшылығы жақын күндерде сабақтардың болмайтынын жариялады. Алғашқы мәліметтер бойынша, төтенше оқиғаға газдың жарылуы себеп болуы мүмкін.