СІМ: Таиландта зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бангкоктағы үкіметке қарсы жаппай қақтығыстарға байланысты зардап шегіп, Таиланд Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігіне көмек сұрап келген қазақстандық азаматтар жоқ.

СІМ: Таиландта зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Таиландтағы Қазақстан дипломатиялық миссиясының хатшысы Ерлан Жетібаев хабарлады.

«Қазақстан Елшілігі штаттық режимде жұмыс жасауда және сол елдегі ішкі саяси ахуалды жіті бақылауда ұстауда. Қазіргі уақытта ҚР СІМ және Таиландтағы Қазақстан Республикасының Елшілігі Қазақстан азаматтарына Бангкокқа қандай да бір сапар жасамау жөніндегі ұсынысы жасалды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Таиланд СІМ және Таиландтағы Қазақстан Елшілігінің деректері бойынша, жексенбі күні Бангкокте орын алған қатты жарылыста қаза болған немесе жарақат алғандардың қатарында ҚР азаматтары анықталмаған.

Еске сала кетейік, 23 ақпанда Таиланд астанасы Бангкокте демонстранттар жиналған жерде бомба жарылып, 3 адамның, соның ішінде 1 баланың өмірі қиылып, 10 шақты адам жарақат алған болатын.

Таиландта үкіметке қарсы акция бес айдан бері өтуде. Осы уақыт аралығында 22 адам қаза болып, 700-ден астамы жарақаттанды.