Сын сағатта қарап тұра алмадық – жәрмеңке өткізіп, түскен ақшаны тасқыннан зардап шеккендерге жіберген оқушылар

Оқушылар
Фото: Әсем Хамитқызы

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов орта мектебінің оқушылары су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің жұртшылығына қолұшын созғылары келген. Сөйтіп, олар ата-аналарының көмегімен түрлі тағамдар әзірлеп, соны жәрмеңкеде сатып ақша тапқан.

Барлығы жиналған 100 мың теңгені түгелдей көмек ретінде жіберді. Kazinform тілшісі ізгі ниетті, еңбекқор оқушылар мен олардың бастамаларына қолдау көрсеткен мектеп директорын әңгімеге тартып көрді. 

«Көктем келе сала қызыл су Батыс өңірлердің халқына үлкен қиындық тудырды. Соны көрген оқушыларымыз тасада қалмай, өз көмектерін көрсеткісі келді. Жәрмеңке өткізіп, одан түскен ақшаны су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына жіберсек деген идеяларын бізге айтқанда қолдай кеттік. Мұғалімдер мен ата-аналар олардың бұл бастамаларын іске асыруға көмектесті», - дейді мектеп директоры Әсем Хамитқызы. 

Оқушылар
Фото: Kazinform

Осылайша, оқушылар үйлерінде түрлі тағамдар, тәттілер пісіріп әкелген. Мектеп аумағында жәрмеңке ұйымдастырылып, сауда-саттық қызыды. Үстелде торт пен бауырсақ, кекс пен құймақ та тұрды. 

«Жәрмеңкені өткізбес бұрын әр сыныптың старосталарын, оқушыларын жинадық. Өзара ақылдасып, кім үйден не әзірлеп әкелетінін келістік. Әйтеуір, бәрі ойдағыдай болды. Жәрмеңкеге адам көп келді. Барлығы 100 мың теңге ақша таптық. Сол ақшаны «Біз біргеміз» қорына жібердік», - дейді мектептегі «Жас ұлан» ұйымының президенті Арман Мелс. 

 

Оқушылар
Фото: Kazinform

11 сынып оқушысы Дильназ Мұқанова сын сағатта қарап тұра алмағандықтарын, осы шараны өткізу мектеп ұжымының, ата-аналар мен оқушылардың ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болғандығын атап өтті. 

«Су тасқынынан зардап шеккен халықпен бірге екенімізді білдіріп, оларға сабыр мен шыдамдылық тілегіміз келеді. Алдағы уақытта тағы да осы секілді қайырымдылық шараларын өткізсек дейміз», - дейді ол.

 

Оқушылар
Фото: Kazinform

Мектеп директоры мейірімділік танытып, қайырымдылық жасауға деген ниеттерін көрсеткен оқушыларын мақтан тұтатынын жеткізді. 

«Оларды келешекте биіктен көретініме сенімдімін! Қанаттары талмай, алға қадам баса берулеріне тілектеспіз. Осы сәтті пайдаланып барша қазақстандықты 1 мамыр – Бірлік күнімен шын жүректен құттықтағым келеді. Бірліктен, ынтымақтан айырылмай, бір-бірімізге қиын сәтте көмек көрсетіп, жәрдем беріп жүрейік. Еліміз дами берсін!», - дейді Әсем Хамитқызы. 

Соңғы жаңалықтар