Сингапур Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын қуаттады

СИНГАПУР. ҚазАқпарат – Сингапур Президенті Халима Якоб Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын қуаттады. Бұл туралы ол Қазақстан Елшісі Асқар Құттықадамнан сенім грамоталарын қабылдағаннан кейінгі кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сингапур Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын қуаттады

«Истана» президент сарайында өткен салтанатты рәсімнен кейінгі кездесуде қазақстандық дипломат Сингапур көшбасшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектерін жеткізген.

«Астананың сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша қала-мемлекетпен қатынастарды одан әрі кеңейтуге зор мүдделілігі расталды.

Тараптар екіжақты өзара тиімді әріптестік екі елде болып жатқан терең трансформация процестері, сондай-ақ халықаралық жағдайдың құбылмалылығының артуы аясында ерекше маңызға ие болатынына келісті», - делінген Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.

Сингапур Президенті соңғы сайлауда Президент Қ.Тоқаевтың жеңіске жетуіне орай жылы лебізін білдіріп, қазақстандық әріптесіне Сингапурға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын қуаттады.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға сапары жоспарланып отырғанын бұған дейін жазған болатынбыз.


Фото: gov.kz