Сингапурде І Азиялық жастар ойыны өтеді
АЛМАТЫ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сингапурде маусымның 29-ы мен шілденің 7-сі аралығында І Азиялық жастар ойыны өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жастар ойынының бағдарламасына жүзу, жеңіл атлетика, стритбол, жағажай волейболы, боулинг, футбол, оқ ату, үстел теннисі, суға секіру және су астында жүзу еніп отыр. Онда 90 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Бұл ұйымдастырушылар үшін 2010 жылдың жазында өтетін І Жазғы олимпиадалық жастар ойындарына дайындық болмақ. Ол 26 жазғы спорт түрлері бойынша өткізілмек. Азиялық жастар ойынына Қазақстаннан спорттың суға секіру, жүзу, жағажай волейболы, оқ ату және жеңіл атлетика сияқты 5 түрінен 30-дан астам спортшы қатысқалы отыр. Дүбірлі доданың ашылу рәсімі маусымның 29-ы күні Сингапур қаласының Орталық стадионында өтеді. Суға секіру, жеңіл атлетика, боулинг, желкенді спорт пен жүзуден жарыстар осы күні басталады. Ал маусымның 30-ында суға секіру мен жеңіл атлетикадан алғашқы медальдар сарапқа салынып, стритбол, жағажай волейболы, оқ ату мен үстел теннисі сайыстары басталады. Шілденің 3-і мен 6-сы аралығында жүзу, боулинг, футбол, үстел теннисі, желкенді спорт пен жағажай волейболының жеңімпаздары анықталады.