Синоптиктер 7 қараша күнгі ауа райы болжамын жария етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сілтеме жасай отырып.
Кәсіпорын мәліметтеріне қарағанда, еліміздің батысында ғана күн жауын-шашынсыз болады. Кей жерлерде екпінді жел соғып, тұман түседі, көктайғақ болып, солтүстікте жаяу бұрқасын соғады.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түсіп, көктайғақ болады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақмола облысында жаяу бұрқасын соғуы ықтимал.
Алматы, Түркістан облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, түнде Алматы облысының кей жерлерінде тұман түседі.
Қарағанды, Павлодар облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады. Күндіз Қарағанды облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с жылдамдықпен ұйтқиды.
Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түсуі мүмкін. Күндіз Жамбыл облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.