Синоптиктер Алматының желтоқсан айындағы күн райы болжамын жариялады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда желтоқсан айының басында күн күрт құбылады.

Алматыда қолайсыз ауа райына байланысты қоғамдық көлік саны көбейеді
Фото: Алматы әкімдігі

Бірнеше күннен бері тыншып тұрғаннан кейін іле-шала жаңбыр жауып, арты қарға ұласып, ұйытқып жел соғады. 

Синоптиктердің мәліметінше, жауын-шашын қаланы тұмшалап тұрған түтінді қуып, ауа тазарып қалады.

Қазгидромет мәліметінше, 2 желтоқсанда сіркіреп жауын жауып, күн аздап бұлттанады. Түнде –4 °C дейін суытып, күндіз +7…+9 °C шамасында жылы болады. Жел әлсін-әлсін соққан күндері қаланы қайта түтін басуы ықтимал. Бірақ желтоқсанның 3-і күні солтүстік-шығыстан ұйытқып жел соғады. 

4 желтоқсанда күндіз ауа температурасы +11 °C-қа дейін көтеріледі, жаңбыр жауып, жел күшейіп, лас ауа сейіле бастайды. 5 және 6 желтоқсанда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын, күндіз жаңбыр жауады. Осы күндері ауа ерекше таза болады: шаң басылып, ылғалданып, дем алу жеңілдейді. Түнде шамамен 0 °C, күндіз +7…+9 °C болады.

7 және 8 желтоқсанда күн жауын-шашынсыз, бірақ күндіз +12 °C-қа дейін жылиды. Шығыстан соққан жел қаланы тұмшалап тұрған түтінді сейілткенімен, жаңбыр жауған кездегідей аса таза бола қоймайды. 

9 желтоқсанда қайтадан жаңбыр жауып, күндіз +14 °C-қа дейін жылиды. 

10 желтоқсанда түнде жаңбыр мен қар аралас жауын, күндіз жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан күшті жел соғып, қар аралас жаңбыр жауады. 

Жалпы алғанда, желтоқсанның алғашқы онкүндігі алматылықтарға қолайлы болады: жауын жиі жауып, жел соғып, қаланы тұмшалаған түтінді тарқатып отырады. 

-Алдағы күндері таза ауада серуендеп, қыдырып қайтуға мүмкіндік көп,-делінген хабарламада.

Осыған дейін желтоқсан айында болатын күн райы болжамын жарияладық.



Соңғы жаңалықтар