Синоптиктер Атырау тұрғындарына алдағы үш күнде сақ болуды ескертті
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында алдағы үш күнде көктайғақ болады. Осыған байланысты жергілікті синоптиктер тұрғындарға сақ болуға кеңес берді.

«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлованың айтуынша, қар аралас жауын-шашынның тәуліктік мөлшері 13 мм-ге жеткен.
«Облыстың оңтүстігі мен шығысында қар жауады. Тұман түсіп, көктайғақ болатыны болжанып отыр. Түнде екпіні 18-23, күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында 15-20 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде -1-6 градус аралығында аяз болса, күндіз -3 +2 аралығында құбылады. 7 ақпанда осындай ауа райы сақталып, боран, тұман, көктайғақ пен жел соғады. Сондықтан тұрғындар алысқа жолға шықпағаны жөн. Қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет», - дейді Айна Қазғұлова.
Оның айтуынша, 8-9 ақпанда түнде жауын-шашын, күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қар аралас жаңбыр жауады. Жауын-шашынның соңы көктайғаққа ұласады. Солтүстік-батыстан соққан жел 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5 градус аяз, күндіз +2-7 градус жылы болады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау көшелерінен кешеден бері 2,4 мың тонна су сорылғанын жазған болатынбыз.