Синоптиктер тағы бір өңірде ескерту жариялады
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауа райының бұзылатыны жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша, 28 сәуір күні өңірдің кей жерлерінде тұман түседі. Күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
Орал қаласында желдің екпіні секундына 18 метрге жетуі ықтимал.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті осыған байланысты төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қолға алынып жатқанын хабарлады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын еліміздің 7 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланған болатын.