Синоптиктер жаз мезгіліне болжам жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Консультативтік болжамға сәйкес, маусым айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі.
Шығыс өңірлерде және елдің қиыр солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +18…+23°С, елдің оңтүстік-батыс жартысында +24…+28°С, ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аудандарда +7…+17°С болады.
Күндіз ауа температурасы +30…+38°С-тан +15…+20°С-қа дейін құбылып отырады. Сонымен қатар, республиканың оңтүстік жартысында кей күндері ауа температурасы +40…+45°С-қа дейін жетуі мүмкін. Аптап ыстық күндер салқындау күндермен алмасып, нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі.
Маусымның алғашқы онкүндігінде республиканың солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнгі және таңғы уақытта үсік жүруі мүмкін.
Шілде — жаздың ең ыстық кезеңі. Бұл айда ауа температурасы климаттық норма шамасында болып, орташа ыстық болады деп болжанып отыр. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +18…+24°С, оңтүстік жартысында +25…+30°С, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында +9…+17°С болады.
Жаздың соңғы айы — тамызда да елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы күтіледі. Ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады. Тек республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады. Норма көрсеткіштері: Қазақстанның басым бөлігінде +20…+28°С, солтүстік-шығыс жартысында +16…+19°С, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда +11…+15°С.
Жауын-шашынға келсек, жалпы жаз мезгілінде республиканың көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады деп күтіледі. Нормадан аз жауын-шашын:
• маусым айында елдің оңтүстік-батысында, солтүстік пен орталықтың жекелеген аудандарында күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,7-24 мм, солтүстіктің жекелеген және оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында 51-155 мм болады;
• шілде айында батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 25-49 мм, оңтүстік-батыс жартысында 1,4-24 мм, солтүстік-батыс, солтүстік, орталық және шығыстың жекелеген аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аймақтарында 50-84 мм;
• тамыз айында оңтүстік-батыста, орталықта, сондай-ақ оңтүстік пен шығыстың кей аудандарында күтіледі. Норма: Қазақстанның басым бөлігінде 1-24 мм, солтүстікте, солтүстік-батыстың, шығыс пен оңтүстік-шығыстың басым бөлігінде 25-49 мм, ал солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың жекелеген аудандарында 50-63 мм.
Айта кетелік бүгін еліміздің бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланған еді.