Сыр бойындағы көне өркениет: Жетіасардың ашылмаған құпиялары

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Сырдарияның көне арналарында шоғырланған Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері әлі де зерттеушілер назарында. Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы ондаған метрлік биік төбелер — бір кездегі гүлденген көне қалалар мен бекіністердің орны.

Сыр бойындағы көне өркениет: Жетіасардың ашылмаған құпиялары
Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Kazinform тілшісі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізіміне енген Алтынасар, Бидайық асар, Қосасар сияқты көне жұрттардың тарихына көз жүгіртіп, олардың «асар» аталу себебін іздеді.

Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ескерткіштер жөніндегі маманы Гүлфайруз Байкөбекованың айтуынша, ежелгі заманда осы төбелердің астында адамдар өмір сүрген, қала салған, қорған тұрғызған, арық тартып, тіршілік еткен.

Сыр бойындағы көне өркениет: Жетіасардың ашылмаған құпиялары
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері негізінен Сырдарияның көне арналары — Қуаңдария мен Ескідария маңына шоғырланған. Зерттеушілер бұл аумақта ондаған көне қаланың орындары, қорымдар мен ежелгі суландыру жүйелерінің іздерін анықтаған. Кейбір асарлардың қазіргі үйінділері бірнеше қабат болып, биіктігі ондаған метрге дейін жетеді. «Асар» деген атаудың өзі осындай көне қалалардың уақыт өте келе топырақ үйіндісіне айналып, жергілікті халыққа төбе тәрізді болып көрінуімен байланысты, — деді ол.

Жетіасар мәдениеті — өзіндік ортақ белгілері бар көне қоныстар мен қалаларды қамтитын біртұтас мәдени-тарихи орта. Бұл кешен негізгі ескерткіштер шоғырланған Жетіасар шатқалының атауымен аталған. Мәдениеттің басты ерекшелігі — мұнда өзара тығыз тарихи байланыста болған қалашықтар, қорымдар және ежелгі суландыру жүйелерінің іздері кешенді түрде сақталған. Сыр бойының байырғы тұрғындары өзеннің ескі арналары мен жасанды су жүйелерін пайдалана отырып, егін шаруашылығын дамытқан және табиғи ресурстарды өте тиімді жұмсай білген.

Сыр бойындағы көне өркениет: Жетіасардың ашылмаған құпиялары
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Жетіасар мәдениетіне Алтынасар, Бидайық асар, Жалпақ асар, Бұзық асар, Томпақ асар, Қара асар, Тік асар, Кіші Қосасар және басқа да ескерткіштер жатады. Мемлекеттік тарихи-мәдени мұра тізімінде Жетіасар оазисіне тиесілі бірқатар ескерткіштің нақты хронологиялық кезеңдері көрсетілген. Мысалы, Жетіасар ІІІ (Алтынасар) б. з. д. І мыңжылдықтың соңы — б. з. IV–V ғасырларымен, Үлкен Қосасар б. з. д. І мыңжылдықтың соңы — б. з. VI ғасырмен, Жалпақ асар VI–VII ғасырлармен мерзімделеді. Археологиялық зерттеулер Жетіасар тұрғындарының отырықшы мәдениетке ие болғанын көрсетеді. Ежелгі қалаларда қорғаныс құрылыстары болған. Қалалардың орналасуы, бекініс жүйелері, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандары сол кезеңдегі қоғамның ұйымдасу деңгейін аңғартады. Жетіасар қалаларының қорғаныс жүйелері арнайы археологиялық зерттеулердің нысанына айналған, — деді Гүлфайруз Байкөбекова.

Жетіасар мәдениетін ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырдан бері жалғасып келеді. ХХ ғасырдың ІІ жартысында Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қазба барысында әшекейлі әйел адамның қаңқасын тапқан. Мамандар оны антропологиялық материалдар негізінде қайтадан қалпына келтірді. Тарихи айналымға «Жетіасар ақсүйек әйелі» деген атаумен енген реконструкция қоғамдағы әйелдердің мәртебесі мен сол кездегі мәдениеттің биік деңгейін айшықтайды.

Әзілхан Тәжекеев
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Киімдері қазба барысында табылған жәдігерлер негізінде жасалған. Олардың костюмінің үлгісі, оны тігу әдісі бүгінгі заманға дейін де сәнін жоғалтпаған. Қазба барысында екі алқадан бөлек әйел адамның жеке сөмкесінен гигиеналық заттары да табылды. Бұл — шамамен біздің заманымыздың II–IV ғасырларымен мерзімделген 27-30 жас аралығындағы әйел адам, — деді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі, Phd Әзілхан Тәжекеев.

Зерттеу барысында Жетіасар мәдениеті тұсында адамдардың өмір сүру ұзақтығы 37-40 жас шамасында болғаны анықталған.

Сыр бойы
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Бұл сол кез үшін табиғи жас болып есептелуі мүмкін. Генетикалық зерттеу барысында олардың қандай ауру түрлерімен ауырғаны, өмірінің соңғы кезінде қалай тамақтанғаны, қай жақтан көшіп келгені, кімдермен туыс екені қамтылды. Байқағанымыз, ІІ-ІV ғасырда ғұндар көшіп келіп, солармен байланысқа түскен. Жетіасарлықтардың туыстары батыс Моңғолия, қазіргі Сібір халқы болуы ықтимал, — деді ғалым.

Археологтың сөзіне сүйенсек, Жетіасар мәдениетінің зерттелмеген құпиясы әлі де жетерлік.

— Әйелдердің басын қолдан әдейі өзгерткен. Кішкентай кезінен басын матамен орау арқылы жоғары қарай өсірген. Қазба жұмысы кезінде табылған әйел сүйектерінің 90%-нан осындай өзгерісті аңғаруға болады. Бұл адамның қоғамдағы мәртебесін немесе шыққан тегін көрсетуі ғажап емес, — деді ол.

Археологтар әр жылдары жаңа ескерткіштерді анықтап, бұрын белгілі нысандарға қайта зерттеу жүргізіп келеді.

Сыр бойы
Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Жетіасар кешенінің тарихи құндылығы оның Сыр бойындағы ежелгі қоғамның тұрмысын, шаруашылығын, сәулетін, қорғаныс жүйесін және жерлеу дәстүрін кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік беретінінде.

Бұған дейін біз Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент қалашығында басталған қазба жұмысы Шахристан бөлігіндегі тұрғын үйлер аумағында жалғасып жатқанын жаздық.