Сирек кездесетін аорта аневризмасы бар науқасқа ақтаулық кардиохирургтер күрделі ота жасады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғысту облысы Бейнеу ауданының 19 жастағы тұрғынынан сирек кездесетін бірінші типті аорта аневризмасы анықталды. Маңғыстаулық кардиохирургтер науқасқа күрделі отаны сәтті жасады. Бұл туралы облыстық аурухананың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 ақпанда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жедел жәрдем бөліміне шұғыл түрде 2004 жылы туған науқас түсті. Ол бас және жүрек ауруына шағымданып келген.

«Науқастан компьютерлік томография кезінде De Bekey 1-типі бойынша аорта аневризмасы анықталды. Шұғыл Bentall-de Bono операциясы жасалды. Яғни, ота кезінде науқастың қолқа қақпақшасы және көтерілу қолқасы ауыстырылды. Операция сәтті аяқталды. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, содан кейін кардиохирургия бөліміне ауыстырылды. Ал кеше оңалту және медициналық оңалту бөліміне шығарылды. Қазір науқас оңалту жаттығуларын жасап жатыр. Енді бір айдан кейін Астанаға кеуде қуысына аорталық стент салуға барады. Бұл - операцияның екінші бөлімі, - дейді облыстық аурухананың жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімінің кардиохирургы Асылбек Әнетов.

Қолқаның диссекциясы (дисекциялық аорта аневризмасы) – қолқа қабырғасының ішкі қабаты жарылып, ішкі және сыртқы қабаттары арасында қан ағып, сыртқы қабаттың жарылуына әкеледі.

«Бұл - өмірге өте қауіпті ауру. Уақыт созып жүрсе, аурудан аман қалуы екіталай. Егер бұл қолқаның ішкі жарылуы болса, онда іш қуысы қанға толады. Ал аневризма жарылғаннан кейін дұрыс диагноз, тиісті ем-дом тағайындалмаса, науқастың орташа өмір сүру ұзақтығы - 11 сағат», - дейді дәрігер.

Айта кетейік, жоспарлы операциялар міндетті медициналық сақтандыру, ал шұғыл ота медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар
telegram