Сирек кездесетін металдар қоры туралы деректер құпиясыздандырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Сирек кездесетін жер металдарының баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Министрдің айтуынша, геология саладағы реформалар нәтижесінде елімізге ірі халықаралық компаниялар тартылды. Әлемдегі ең ірі тау-кен компанияларының үштігіне кіретін Rio Tinto Ақтөбе облысында оннан астам учаскеде барлау жүргізіп, 2 млрд теңге көлемінде инвестиция құйды.
- Әлемдегі топ-ондыққа кіретін Fortescue компаниясы Ақтөбе, Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстарында 32 учаскеде барлау жұмыстарын жүргізуде. Оның барлауға салған инвестициясы 4 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, ВНР, Barrick, Teck Resources және First Quantum компаниялары халықаралық масштабтағы кен орындарын анықтау мақсатында геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізуде. KIGAM Корей институты Тау-Кен Самрұқпен бірлесіп Арал өңірінде литийдің таралуын зерттеуге кірісті. Жалпы алғанда, 10 компания құйған инвестициялар көлемі шамамен 41 млрд теңгені құрайды. Бұл 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақты зерттеуді қамтамасыз етеді, - деді Қанат Шарлапаев.
Оның атап өтуінше, сирек кездесетін металдар саласын дамыту аясында 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық ізденіс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Бүгінгі күні Күйректікөл учаскесі перспективалы кен орнына жатады. Оның қорында лантанидтерді қоса алғандағы 800 мың тоннадай сирек кездесетін жер металдары бар. Бұл қорды екі есе арттыру әлеуеті бар. Сондай-ақ, сирек кездесетін жер металдарын барлау жұмыстарын шетелдік Cove Capital және HMS Bergbau жүргізуде. Салаға инвестиция тарту мақсатында осмий мен ренийді қоспағанда, сирек кездесетін жер металдарының баланстық қоры туралы деректерді құпиясыздандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы жылдың соңына дейін аталған жұмыстарды аяқтау жоспарлануда, - деді ол.