Сирек кездесетін жүрек ауруына шалдыққан жігітке күрделі операция жасалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының кардиохирургтары 21 жасында инфаркт алған жас жігіттің жүрегіне операция жасады.

Жүрекке ота
Фото: Алма Мұқанова/ Kazinform

Дәрігерлердің айтуынша миокард инфаркті жастар арасында өте сирек кездеседі. Әлем бойынша мұндай диагноз 10-15 жылда бір адамға ғана қойылады.

Маңғыстаулық Әлімжан Атантайдың өзі, бұған дейін денсаулығына шағымданып көрмегенін және ештеңе мазаламағанын жеткізді.

«Осы күнге дейін мен де туа біткен жүрек патологиясы бар екенін білмедім. Маусым айында жағдайым күрт нашарлап, қан қысымым екі жүзге дейін көтеріліп, жүрек соғысым жилеп кетті. Дәрі ішіп көрдім. Басылмаған соң дәрігерлерге қаралдым. Маған жүректің қарынша үсті тахикардиясы, миокард инфаркті диагнозын қойды. Екі күн жансақтау бөлімінде жаттым. Кейін дәрігерлер операцияны порталмен Алматыдағы «Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ жасауды ұсынды. Мен қабыл алдым », - дейді ол.

Кардиохирургтар қарынша үсті тахикардиясының қайталап ұстап қалу қаупі жоғары болғандықтан, дереу ота жасау туралы шешім қабылдады.

«Біз Ресей профессоры Сергей Николаевичпен 12 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз, ол біздің дәрігерлермен бірге жүрек ырғағының бұзылуы бар ең ауыр науқастарға операция жасайды. Бізде бар жабдық әлемдік стандарттарға сай келеді және ең күрделі операцияларды жасауға, диагностикалау дәлдігінің арқасында олардың тиімділігін арттыруға, болашақта қайталанатын операция жасау қажеттілігін азайтуға, кенеттен болатын өлім мен миокард инфаркті, жүрек қызметінің жеткіліксіздігінің дамуы, инсульт және т.б. асқынулардың санын азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Операция шамамен 2 сағатқа созылды және сәтті аяқталды.

«Операция барысында жақсы нәтижеге қол жеткізілді, науқас жалпы палатаға ауыстырылды. Болжам өте жақсы, пациентте ұстамалардың қайталану қаупі жоқ», - деді бөлімше меңгерушісі Бағдат Ахыт.

Соңғы жаңалықтар