Сирия арнайы қызметі Ахмад аш-Шарааға бағытталған екі қастандықтың алдын алды

АСТАНА. KAZINFORM – Сирия арнайы қызметі елдің уақытша президенті Ахмад аш-Шарааға қастандық жасауға дайындалған «Ислам мемлекеті» (ИМ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) содырларының екі жоспарын әшкереледі, деп хабарлайды Reuters.

Предотвращены две попытки покушения на президента Сирии
Фото: SANA

Сириялық қауіпсіздік органдарының жоғары лауазымды өкілдерінің мәліметінше, президентке қарсы қастандық әрекеттері соңғы айларда анықталған. Солардың бірі аш-Шараа қатысуы тиіс болған жария іс-шара кезінде жүзеге асырылмақ болған.

Сирияның ақпарат министрлігі ИМ ұйымы ел мен аймақ қауіпсіздігіне әлі де елеулі қауіп төндіріп отырғанын хабарлады. Ведомствоның дерегінше, соңғы он ай ішінде діни нысандарға бағытталған бірнеше шабуылдың алдын алу мүмкін болған.

Қастандық әрекеттері Ахмад аш-Шарааның АҚШ президенті Дональд Трамппен алдағы кездесуі қарсаңында дайындалған. Бұл – сириялық басшының Ақ үйге жасайтын алғашқы ресми сапары және екі ел басшылары арасындағы алғашқы келіссөз болмақ.

2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад биліктен тайдырылғаннан кейін, бұрын «Хайат Тахрир аш-Шам» (ХТШ, Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) қозғалысын басқарған Ахмад аш-Шараа ел ішінде қалыпты әрі келісімшіл саясаткер бейнесін қалыптастыруға және соғыстан қираған елін қалпына келтіруге халықаралық қолдау алуға тырысып келеді.

Предотвращены две попытки покушения на президента Сирии
Фото: SANA

Дамаскінің ИМ-ге қарсы АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалицияға қосылу туралы шешімі Сирияның сыртқы саясатында бетбұрыс жасады. Бұл қадам елдің бұрынғы Ресей және Иранмен одақтас бағытын өзгертіп, Батыс пен араб елдерімен ынтымақтастыққа жол ашып отыр.

Кездесу алдында Сирия ішкі істер министрлігі ИМ-ге  қарсы ауқымды операция жүргізіп, 70-тен астам күдіктіні ұстаған.

Биыл содырлар елде қайта белсенділік танытып, билік жүргізіп жатқан тұрақтандыру шараларына кедергі келтіруге тырысуда. Маусым айында Дамаскідегі шіркеуде болған жарылыстан 25 адам қаза тапқан еді.

Ресми өкілдердің мәліметінше, Сирия үкіметі АҚШ әскери құрылымдарымен ИМ-ге қарсы күресте бірнеше айдан бері тығыз әрекет етуде. Халықаралық коалицияға ресми қосылу бұл ынтымақтастықты күшейтіп, Сирияға қарсы санкциялардың бір бөлігін жұмсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, АҚШ Сирия президентін террористер тізімінен шығарды.

Соңғы жаңалықтар