Сирия азаматтық соғыстан шеккен зиянын есептеді

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Сирия билігі азаматтық соғыстың кесірінен бір триллион сириялық фунт, ал АҚШ долларына шаққанда 14 млрд доллар мөлшерінде зиян шеккенін есептеп шығарды.
None
None

Бұл жайында мемлекеттік SANA ақпарат агенттігі жергілікті өзін-өзі басқару министрі Омар Галявинджиге сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Оның айтуынша, 2013 жылдың қаңтар айының 10-ына дейінгі елдегі жағдайды елеп-екшеп, билік пен оппозиция арасындағы қарулы қақтығыстан келген шығынды шотқа салып, есебін шығарған үкімет комиссиясы бүлінген, қираған аудандарды қалпына келтірудің қажеттілігіне тоқталған.

Сирия билігі елдегі экономиканың құлдырауының себебін шетелдіктерден көріп отыр. Бұған қоса, үкімет бейбіт тұрғындардың қазасына экономикалық санкция салған батысты айыптап отыр. Ал аса қажетті тауарлардың тапшылығына күре жолдардың бірталайын жауып тастаған содырларды кінәлауда.

muslim.kz сайтының жазуынша, Сирия билігінің бұл айыптауын теріске шығарғысы келгендей ЕО елдерінің СІМ басшылары ақпанның 18-і күні жанжал оты әлі сөнбеген осы елге қатысты санкцияны тағы үш айға созу туралы келісімге келді. ЕО мәлімдемесінде бұл жолы да бейбіт тұрғындардың көз жасына қалып, инфрақұрылымның тоз-тозын шығарып, елдің мәдени мұрасына қауіп төндірген Сирия билігінен әскери іс-қимылды тоқтатуды талап етті. ЕО тараптарды ел президенті Башар Асадтың өз еркімен биліктен кетуіне бастайтын диалогқа шақырды.

Башар Асадтың режимін жақтайтындар мен қарсыластардың арасындағы қарулы қақтығыс 2011 жылдың наурыз айынан бері толастаған емес. 2012 жылдың жаз мезгілінде халықаралық қауымдастық Сирияда азаматтық соғыстың жүріп жатқанын мойындаған болатын.

2013 жылдың қаңтар айындағы БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, елдегі жан төзгісіз жағдайдан бас сауғалап, шетел асқан сириялық босқындардың саны 2,5 млн адамға жеткен. «The Huffington Post» соның ішінде 800 мыңнан аса сириялықтың көршілес елдерге қашқанын жазыпты. Соңғы дерекке зер салсақ, 70 мыңдай адам қанды қақтығыстан қаза болған. БҰҰ бұған екі жақты да айыптап, яғни бұл бүлікке биліктің де, оппозицияның да қатысы барын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар