Сирия билігі елге химиялық қару жөніндегі инспекцияны кіргізуге келісті
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - БҰҰ сириялық шиеленіс кезінде химиялық қарудың қолданылуы мүмкіндігін тексеру үшін Сирия үкіметімен келісімге келе алды.
Бұл туралы 14 тамыз күні жарияланған БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның мәлімдемесінде айтылды.
Келісімнің шарттарына сәйкес, инспекторлар тараптардың өзара келісімімен мерзімді ұзарту мүмкіндігімен елде 14 күн бола алады.
Бастапқыда Срия үкіметі халықаралық комиссияға Хан аль-Асальдағы жағдайды тексеруді ұсынды, сириялық үкіметтің мәлімдеуінше, онда көтерілісшілер заринді қолданды. Дегенмен, БҰҰ тексеруді өзге де аймақтарда жүргізуді талап етті.
Сирия үкіметі және оларға қарсы тұрушы көтерілісшілер химиялық қаруды пайдалануға қатысты өзара айыптаулармен бірнеше мәрте алмасқан болатын.
Президент Асадтың режіміне қарсы тұрушылар бастаған азаматтық соғыс Сирияда 2011 жылдың наурызынан жалғасуда. Осы уақыт ішінде екі тарап жақтан 100 мыңнан астам адам қаза болды.