Сирия билігі оппозиция содырлары арасында украиндықтардың бар екендігін анықтады
АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Украина азаматтары сириялық оппозиция қатарында соғыс іс-қимылдарына араласуда. Бұл туралы Киевте Сирия елшісі Мохамед Маид Акиль мәлім етті, деп хабарлады Утро.ру.
«Өкінішке орай лаңкестердің көпшілігі әлемнің 83 елінен, оның ішінде Украинадан да бар», - деді дипломат бүгін баспасөз мәслихаты барысында. Дегенмен елші оппозиция тарабында соғысып жүрген Украина азаматтарының санына қатысты сауалға жауап бере алмады. Алайда, олардың басым бөлігі қырым татарлары екендігін атап өтті.
«Олар (сириялық көтерілісшілер) өлген содырдың мүрдесін өртеп жібереді. Сондықтан да мұндай жағдайда статистика жүргізу мүмкін емес», - деді ол.