Сирия бойынша Астана процесінің келесі кезеңі қашан өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия қақтығысын реттеудегі Астана процесінің кезекті рауындының болжамды мерзімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен аптада хабарлағанымыздай, жуырда Сирия қақтығысын реттеудегі Астана процесінің 11-раунды өтеді. Қазіргі уақытта бізде даярлық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сирияаралық келіссөздерді өткізудің оңтайлы уақытын белгілеу бойынша гарант-елдермен кеңесіп жатырмыз. Алдын ала болжам бойынша айтарымыз, келіссөздер осы жылдың қарашасының аяғы немесе желтоқсаның басында өтеді», - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен брифингте.
ҚР СІМ ресми өкілінің айтуынша, Сирия қақтығысын реттеудегі келіссөздердің Астанада нақты қашан өтетіні гарант-елдер мен қатысушыларға байланысты.
«Өздеріңіз білетіндей, 27 қыркүйекте Ыстанбұлда Германия, Ресей, Түркия мен Франция елдерінің төртжақты саммиті өткен болатын. Ол жиында келешектегі Сириядағы дағдарысты саяси тұрғыда реттеу мәселесі талқыланған еді. Кездесуде БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы өкілі де қатысқан болатын. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтындарын растаған. Яғни, Сириядағы дағдарысты дипломатиялық жолмен ғана реттеуге күш салуды жалғастыру келісілген. Оның ішінде Астана мен Сочи алаңдарында қол жеткізілген келіссөздер негізінде мәселені реттеу туралы айтылған», - деді Айбек Смадияров.