Сирия бойынша Астана процесінің келесі раунды қыркүйекте өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесі аясындағы кезекті кездесудің нақты датасы бітім режіміне кепілгер елдердің техникалық кездесуінен кейін белгілі болады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сирия бойынша Астана процесінің келесі раунды қыркүйекте өтеді

«Ресейлік тараптан алған ақпаратқа сүйенсек, бітім жасау режіміне кепілгер елдердің, яғни Ресей, Түркия және Иран тамыздың соңына дейін сарапшылар деңгейінде техникалық кездесу өткізуге ниетті. Соның барысында күн тәртібі айқындалып, Сириядағы ахуалды реттеу жөнінде Астана процесі аясындағы кезекті кездесудің нақты мерзімі белгілі болады. Алдын ала жоспарда қыркүйектің орта кезі назарға алынуы мүмкін», - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 4-5 шілдеде өткен соңғы раундта ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия бойынша жоғары деңгейдегі келесі халықаралық кездесуді 2017 жылғы тамыздың соңғы аптасында өткізу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.