Сирия бойынша Астана процесінің жұмысы тағы да жалғасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астана процесінің 19-шы кездесуі 2022 жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Бұл жайында Сирия бойынша 18-ші халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Иран, Ресей және Түркия өкілдерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сирия бойынша Астана процесінің жұмысы тағы да жалғасады

«Біз Астана форматындағы бақылаушылар ретінде Иордания, Ирак және Ливан делегацияларының, сондай-ақ БҰҰ мен ХҚКК өкілдерінің қатысуын қанағаттанушылықпен атап өттік. Нұр-Сұлтанда Астана форматында Сирия бойынша 18-ші халықаралық кездесуді өткізгені үшін Қазақстан билігіне шынайы алғысын білдіреміз. Сирия бойынша Астана форматындағы 19-шы халықаралық кездесуді осы жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтанда өткізуге келістік», - делінген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов жария еткен бірлескен мәлімдемеде.

Сонымен қорытынды құжатта кепілгер елдер Астана форматында министрлердің келесі кездесуін ұйымдастыру ниеттерін растады.

«Біз 2020 жылдың 1 шілдесіндегі саммиттің қорытынды мәлімдемесінде бекітілген келесі үшжақты саммитті шарттар рұқсат етілген кезде тез арада Иран Ислам Республикасында өткізу туралы келісімді тағы да атап өттік», - деді кепілгер елдер.