Сирия демократиялық күштері өзін тарататынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елде қарулы құрылымдарды бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесіне біріктірудің маңызды кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сирия демократиялық күштері өзін тарататынын мәлімдеді
Фото: Sana

«Сирия демократиялық күштерінің» (СДК) қолбасшысы Мазлум Абди құрылымның дербес әскери күш ретінде таратылып, ел армиясының құрамына кіретінін жариялады. Бұл туралы ол сейсенбіде Дамаскідегі Президент сарайында мәлімдеді, деп хабарлайды SANA агенттігі.

— Бүгін біз «Сирия демократиялық күштері» миссиясының аяқталғанын және оның дербес әскери күш ретінде таратылғанын жариялаймыз, — деді Мазлум Абди.

Оның айтуынша, бұл шешім Сирия Президенті Ахмед аш-Шараамен келісім жасалғаннан кейін және СДК бөлімшелерін Сирия армиясының құрамына біріктіру үдерісі аяқталған соң қабылданған.

Сол күні Ахмед аш-Шараа Мазлум Абдимен кездесу өткізді. Онда елдің солтүстік-шығысындағы құрылымдарды мемлекеттік институттарға біріктіру мәселесі мен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған шаралар талқыланды. 

Еске сала кетейік, «Сирия демократиялық күштері» 2015 жылы құрылып, күрд және араб қарулы құрылымдарының коалициясы ретінде қалыптасты. Оның негізін күрдтердің «Халықты қорғау жасақтары» құрады. Аталған құрылым АҚШ-тың қолдауымен «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым — ред. ескертпесі) қарсы операцияларға қатысты. Кейін ұйым Сирияның солтүстік-шығысындағы, соның ішінде ірі мұнай-газ кен орындары орналасқан өңірлерді өз бақылауында ұстады.

Қаңтарда Дамаск билігі мен СДК басшылығы күрд күштерін мемлекеттік институттар құрамына кезең-кезеңімен енгізу жөнінде уағдаласқан болатын.

Наурыз айында «Халықтың өз-өзін қорғау жасағының» қолбасшысы Сипан Хамо Сирияның шығыс өңірлеріне жауапты қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Мазлум Абди биыл билік күрд тілінде білім беру туралы шешімді іске асыруды бастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа Сирия күрдтер, арабтар, түрікмендер мен ассириялықтар үшін ортақ әрі біртұтас мемлекет болуға тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Сирияны «терроризмді қолдайтын елдер» тізімінен шығарған болатын.