Сирия мәселесін талқылайтын өкілдер Астанаға кешке келеді - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінің жетінші кездесуіне қатысатын делегациялар бүгін, яғни 29 қазан күні кешке келе бастайды. Бұл ақпаратты ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сирия мәселесін талқылайтын өкілдер Астанаға кешке келеді -  СІМ

«Астана процесіне қатысатын делегациялар бүгін кешке келе бастайды. Тараптың екіжақты және үшжақты кездесулері ертеңге жоспарланып отыр», - деді Әнуар Жайнақов.

Еске сала кетсек, Астана процесінде Ресей делегациясына РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Джабери Ансари басшылық етеді.

Астана процесінің жетінші кездесуі Сирияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режимін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарысты саяси реттеуге өту кезеңінде аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға бағытталған.