Сирия оппозициясы Дамаскінің Асад режимінен азат етілгенін жариялады — Al Jazeera

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның қарулы оппозициясы ел астанасы Дамаскіні жаулап алғанын, ал президент Башар Асад елден қашқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Al Jazeera-ға сілтеме жасап.

Сирия оппозициясы Дамаскінің Асад режимінен азат етілгенін жариялады – Al Jazeera
Фото: видеодан алынды/Al Jazeera

«Хаят Тахрир аш-Шам» командирі Әбу Мұхаммед әл-Жулани барлық мемлекеттік мекемелер ресми түрде тапсырылғанша премьер-министр Мұхаммед Ғази әл-Жалали бақылауында болатынын айтты. Ол мәлімдемесінде оппозиция 8 желтоқсанды «жаңа дәуірдің бастамасы» деп атап, «жаңа Сирия» барлық сириялықтардың «бейбіт мекеніне» айналатынын жеткізді.

Бұл мәлімдеме оппозициялық топтардың жылдам шабуылмен бірнеше қаланы басып алғаннан кейін бірнеше сағаттан соң жасалды. Кейін Мұхаммед Ғази әл-Жалали халық сайлаған кез келген үкіметпен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.

— Бұл ел өз көршілерімен және әлеммен жақсы қатынастар орнататын қалыпты ел болуы мүмкін… бірақ бұл мәселе жаңа басшылыққа байланысты. Біз онымен ынтымақтастыққа дайынбыз, — деді ол.

әл-Жалали өзінің «лауазымдар мен артықшылықтарға» емес, Сирия үкіметінің институттарын сақтауға мүдделі екенін атап өтіп, елден кетуді жоспарламайтынын айтты.

— Біз бұл ел қарамағындағы ешкімге зиян келтірмейміз деп айтқан оппозицияға қол ұшын созамыз, — деді ол Al Jazeera-ға.

Бұған дейін Қатар, Сауд Арабиясы, Иордания, Мысыр, Ирак, Иран, Түркия және Ресей бірлескен мәлімдеме жасап, дағдарысты «қауіпті оқиғалардың дамуы» деп атап, саяси шешімге шақырды.

Ақпаратты Al Jazeera агенттігі арнайы Kazinform үшін ұсынды.

Бұған дейін хабарланғандай, Сирия президенті Башар Асад жексенбіде ел астанасынан белгісіз бағытқа ұшып кеткен. Сириядағы адам құқықтары бойынша мониторинг орталығы оның қаладан сенбі күні кешкі сағат 10-да кеткенін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар