Сирия үкіметінің өкілдері мен оппозиция Женевада бірінші рет өзара тікелей келіссөздер жүргізеді
ӘБУ-ДАБИ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Сирия үкіметі мен оппозиция 2011 жылы қақтығыс басталғаннан бері бірінші рет Женевада сенбі күні тікелей келіссөздер жүргізеді.
БҰҰ-ның Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша арнайы елшісі Лахдар Брахими араб басылымына ағымдағы аптаның бейсенбі-жұма күндері ресми Дамаск өкілдері және «Сирияның Ұлттық конгресі» оппозициялық блогының жетекшілерімен жеке келіссөздер жүргізгенін хабарлаған. «Мен екі делегациямен де кездестім және олар бір-бірімен бір бөлмеде кездесуге келісті», - деді Л.Брахими. Сирияның Ұлттық коалициясының баспасөз хатшысы Лоуйя Сафи «Әл Арабия» араб телеарнасына оппозиция делегациясының Сирия үкіметінің өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін бас қосатынын растады. Сирия қақтығысына байланысты екі жақтың кездесуі Біріккен ұлттар ұйымы өкілдері, Ресей және АҚШ-тың қатысуымен жабық түрде өтеді.