Сирияда 4 қауіпсіз аймақ құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирияда 4 қауіпсіз аймақ құрылды. Бұл жайында Астана процесінің 6-шы раундының қорытындысына орай кепілгер елдер қабылдаған бірлескен мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«2017 жылдың 4 мамырындағы Сирия Араб Республикасында деэскалация аумағын құру туралы меморандумның жүзеге асырылу барысына қанағаттанушылық танытамыз. 2017 жылдың 4 мамырындағы меморандумға сәйкес дэскалация аймағының Шығыс Гутта, Хомс өлкесі солтүстігінің белгілі бір бөліктерінде, Идлиб өлкесінде және көршілес өлкелердегі жекелеген аудандарда құрылғанын хабарлаймыз», - делінген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берген  бірлескен мәлімдемеде.

Құжатта дэскалация аймағының және қауіпсіз белдеудің құрылуы  уақытша шара екендігі және оның алты айға созылып, кепілгер елдердің ортақ мәмілеге келуімен автоматты түрде ұзартылатындығы айтылған.

«Біз 2017 жылдың 4 мамырындағы меморандум ережелерін  және Астана процесі аясында бұған дейін қабылданған шешімдерді жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруға ниетті екендігімізді қуаттаймыз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақстандық билікке Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық 6-шы кездесуді өткізгені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді Астанада, 2017 жылдың қазан айының соңында өткіземіз деп шештік», - делінген кепілгер елдер Иран, Ресей және Түркияның бірлескен мәлімдемесінде.

Соңғы жаңалықтар