Сирияда 400 миллион каптагон таблеткасы жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы желтоқсанда билік ауысқаннан кейін Сирия есірткі өндірісі мен контрабандасына қарсы күресті күшейтті. Азамат соғысы жылдары есірткі саудасы заңсыз табыстың негізгі көздерінің біріне айналған еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

400 млн таблеток каптагона уничтожили в Сирии
Фото: x.com / @DEDMOISY

Сирияда құқық қорғау органдары жүргізген түрлі операциялар барысында тәркіленген каптагонның 400 миллионға жуық таблеткасы мен өзге де есірткі заттарының ірі партиялары жойылған.

Бұл туралы 22 қараша, жексенбі күні Сирия Ішкі істер министрлігінің Есірткіге қарсы күрес басқармасына SANA ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлады. 

Сондай-ақ каптагоннан басқа, 12,2 тонна гашиш, 2,3 тонна каннабис өсімдігі, 6 келі героин және 5,4 млн басқа да есірткі таблеткалары жойылды.

Бұдан бөлек есірткі өндіру, оны жасыру және контрабандалық жолмен тасымалдау кезінде қолданылған химиялық заттар, жабдықтар мен құралдар да қолға түскен. 

Есірткі заттары заң талаптары мен экологиялық нормаларға сай, бірнеше кезеңмен жойылды. Бұл процесті Ішкі істер, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерінің бірлескен комиссиясы бақылап отырды.

Сирияның Ішкі істер министрі Анас Хаттабтың айтуынша, бұл — Башар Асад үкіметі құлатылғаннан кейін жойылған есірткінің ең ірі партияларының бірі.

— Бүгін жойылған есірткі мөлшері ел азат етілгеннен бері тәркіленген ең ірі партиялардың қатарына жатады. Есірткі заттары бұған дейін қауіпсіздік күштері жүргізген түрлі операциялар барысында қолға түскен, — деп жазды министр X әлеуметтік желісінде.

Министрдің сөзінше, Сирия билігі есірткі өндіру мен контрабандасына қарсы күресті жалғастырып, халық арасында оның зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Айта кетейік, Каптагон — Таяу Шығыс елдерінде кең таралған синтетикалық психостимулятор. Азамат соғысы кезінде Сирия осы есірткіні заңсыз өндіру мен шетелге тасымалдаудың ірі орталығына айналды. Халықаралық тергеу деректеріне қарағанда, есірткі саудасынан түскен табыстың бір бөлігі бұрынғы Сирия билігімен байланысты құрылымдарға аударылған.

2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад үкіметі құлағаннан кейін Сирияның жаңа билігі есірткі саудасына қарсы күресті ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі.

Маусым айында Есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы Халед Ид билік ауысқалы бері құқық қорғау органдары есірткі саудасының жолын кесу үшін 1 550-ге жуық операция жүргізгенін хабарлады. Нәтижесінде 90 халықаралық қылмыстық желі жойылып, каптагон өндіретін 17 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған.

Сирия билігінің мәліметінше, осы операциялар барысында 697 миллион каптагон таблеткасы мен 15 тонна гашиш тәркіленген.

Бұған дейін Таяу Шығыста кең таралған каптагонның негізгі бөлігі Сирияда өндіріліп, Иордания арқылы Парсы шығанағы елдеріне жеткізілетіні хабарланған болатын.