Сирияда Башар Асадтың інісіне тиесілі жерасты туннельдері табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Сирия астанасы Дамаскіде биліктен қуылған Башар Асадтың інісі Махер Асадтың жазғы резиденциясының астынан сейфтер мен брондалған бөлмелері бар туннельдер табылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Махер Асад Сирия армиясының элиталық бөлімшесі 4-бронды транспортер дивизиясының қолбасшысы болды. Оның жазғы резиденциясы Дамаск-Бейрут тас жолының жанында, астанаға қарайтын төбеде орналасқан. Үш қабатты ғимарат биік қабырғалармен қоршалған және оның кең ауласында тікұшақ алаңы бар.
Резиденцияның бірінші қабатында автотұрақ пен конференц-зал бар, ал жертөледе туннельдер желісіне апаратын брондалған есік бар.

Есікті ашып, 22 баспалдақпен түсу арқылы демалыс бөлмесіне кіруге болады. Тағы 130 қадам төмендегеннен кейін туннель желісіне кіру мүмкін. Айта кетейік, электр сымдары, желдеткіш, жатын бөлмелері, асхана және жуынатын бөлмелерімен жабдықталған туннельдер брондалған есіктермен қорғалған. Негізгі туннельдегі кейбір бөлмелерден бос сейфтер мен сәнді сағат сөрелері табылды. Туннельдерде әлі ашылмаған екі брондалған есік бар, олардың артында не жатқаны әлі белгісіз.
Ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын туннельдер желісі құлатылған режим армиясының 4-бронды транспортер дивизиясының бас штабына апарады. Сирия-Ливан тас жолындағы көліктерге арналған туннельдердің кіреберісі де көрінеді.
Кешендегі күзетшілердің бірі Файз Мұхаммадтың айтуынша, Махер Асад ғимаратты кеңсе және демалыс орны ретінде пайдаланған.
Еске сала кетейік, Ердоған мен аш-Шараа Сирияны қалпына келтіру мәселелерін талқылады.