Сирияда жүріп жатқан азамат соғысы 191 000 адамның өмірін жалмады

Бұл баяндама Сирия Үкімітіне әр түрлі ақпарат көздерінен келіп түскен деректерге негізделген. Алайда, БҰҰ Адам құқығы бойынша Жоғары комиссары Нави Пиллэйдың айтуынша, қаза болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
«Бұл жерде әлемдік қоғамдастықтың Сириядағы азамат соғысын тоқтауда дәрменсіздік танытуы, қылмыскерлерді бұдан бетер ауыр қылмыстар жасауға итермелейді», - делінген баяндамада.
«Жоғарғы комиссар әлемдік қоғамдастықтың Сириядағы қантөгістерге жеткілікті көңіл бөлмей жатқандығына қатты қынжылыс білдіреді, - деді өз сөзінде БҰҰ Адам құқығы бойынша Басқармасының баспасөз хатшысы Руперт Колвилл. - Осылайша «жігердің құм болуы» Сирия жерінде қан төгіп, азаптаушылық қылмыстар жасап жүрген қылмыскерлерге оң әсер етеді. Олар өздерін емін-еркін сезінеді. Сириядағы әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы жасалып жатқан қылмыстар туралы деректер қолында бола тұра, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Сирия ісін» Халықаралық қылмыстық сотқа бермей отыр».
БҰҰ деректері бойынша, Сириядағы азамат соғысы салдарынан күні бүгінге дейін 9 мыңға жуық жасөспірімнің өмірі қыршыннан қиылды. Олардың ішінде 2 мыңнан астам бала - 10 жасқа толмағандар.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун әлемдік қоғамдастықты Сириядағы азамат соғысын тоқтатуға көмектесуге шақырды. Өйткені бұл қантөгіс бүкіл Таяу Шығыс аймағына кері әсер етуде.