Сириядағы әскери нысанда қуатты жарылыстар болды

АСТАНА. KAZINFORM — Алеппоның оңтүстік-батысында орналасқан Әл-Хадаба ауданындағы Сирия армиясына тиесілі әскери нысанда қуатты жарылыстар болды, деп хабарлайды Anadolu.

Мощные взрывы произошли на военном объекте в Сирии
Фото: Anadolu

Сирияның ресми SANA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әл-Хадаба ауданындағы әскери нысанда болған жарылыстардан әзірге төрт адам жарақат алғаны белгілі.

Хабарламада билік жарылыстардың көзі мен себебін анықтау үшін тергеу бастағаны айтылады.

Алеппо төтенше жағдайлар және апат салдарын жою жедел басқармасының директоры Фейсал Мұхаммед Әли жарылыстардың жалғасуына байланысты құтқару топтары мен жедел жәрдем өкілдері бастапқыда аймаққа кіруде қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді.

Аймаққа кіре алған Азаматтық қорғаныс қызметкерлері жараланған 4 адамды құтқарған. Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және эвакуация жұмыстарын жеңілдету үшін жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды, ал аймаққа апаратын жолдар көлік қозғалысы үшін жабылды.

Бұған дейін Сирияның ресми Әл-Ихбария телеарнасы аймақта қуатты жарылыстар болғанын хабарлап, олардың сипатын тергеуді бастаған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сирия түрмесінің бұрынғы басшысы АҚШ-та 60 жылға сотталғанын хабарлаған едік.

Нұрлан Тұяқов