Сириядағы су тасқынынан 2,4 мыңнан астам отбасы зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның шығысындағы Дейр-эз-Зор провинциясында Евфрат өзені суының деңгейі көтеріліп, су тасқыны болды. Табиғи апаттан 2,4 мыңнан астам отбасы зардап шекті. Бұл туралы БЕЛТА жазды.

Сириядағы су тасқынынан 2,4 мыңнан астам отбасы зардап шекті
Фото: Анадолы

Бұл туралы Сирияның төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі министрі Раед ас-Салех Al-Ikhbaria телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Оның айтуынша, билік табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, қорғаныс бөгеттерін нығайту, қосымша тосқауылдар салу және қауіпті аймақтардан тұрғындарды көшіру шаралары қолға алынған.

Al-Ikhbaria мәліметінше, су тасқыны салдарынан егістік алқаптар су астында қалып, сумен жабдықтау нысандары мен бірнеше көпірдің жұмысы бұзылған.

Келтірілген шығын көлемін бағалау үшін Дейр-эз-Зор провинциясына Ахмед аш-Шараа министрлер делегациясымен бірге арнайы барған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сирияның Хасека провинциясы аймағында нөсер жауын салдарынан су тасқыны болып, шамамен 700 үй су астында қалған болатын.