Сириядағы бітім бірінші күні-ақ бұзылды

ӘБУ-ДАБИ. 27 қазан. ҚазАқпарат - 26 қазаннан, Құрбан айт мейрамының алғашқы күнінен бастап Сирияда үкімет жасақтары мен ел президенті Башар Асадтың қарсыластары арасында уақытша бітім өз күшіне енді.

Сириядағы бітім бірінші күні-ақ бұзылды

БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы елшісі Лахдар Брахими Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция жасақтары арасында басты мұсылмандық мереке кезінде атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізген болатын. Ол төрт күнге созылуы тиіс еді. Алайда, Сирияның түрлі аймақтарындағы қарулы қақтығыстар жөніндегі ақпаратқа қарағанда бейбітшілік келісімі бірінші күні-ақ күшін жойған секілді.

Лондонда орналасқан Сирияның адам құқығы жөніндегі бақылаушы кеңесінің мәліметтерінше, жұма күні елде 47 адам өлтірілген. Олардың ақпаратына сәйкес, таңертең мыңдаған тұрғындар мерекелік намазға мешітте жиналған. Тек осы уақытта тыныш болды, намаз аяқталған соң Дамаск пен Алеппо қалаларын байланыстыратын жол бойында қарулы қақтығыстар орын алды.

Сондай-ақ, Дамаскіде бірнеше адамның өмірін қиған күшті жарылыс болды. Лаңкестер автотұраққа қойылған көлікті жарып жіберген болуы ықтимал.