Сириядағы дағдарысты әскери күшпен шешу мүмкін емес - Е. Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Сириядағы дағдарыстың әскери күшпен шешілмейтіндігіне барша әлемдік қоғамдастықтың назарын аударады. Бұл туралы бүгін елордада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
None
None

«Қазақстанның пайымынша, сириялық дағдарыс әскери күшпен шешілуі мүмкін емес. Бұл ахуалдың тек бейбіт, балама шешімі ғана бар»,-деді министр.

Осы орайда ол бұл дағдарыстың айналасында өте көп күштер шоғырланғанын, яғни Сирияның өзінің ішкі күштері және сыртқы мүдделер іс-қимылдар жасап жатқандығын мәлім етті.

«Осы дағдарыстың айналасында өңірлік және жаһандық ойыншылардың өте көп күштері жиналған. Сондықтан да бірінші кезекте келіссөздер жолымен сириялықтардың өздері бейбіт шешімді жасауы керек деп санаймыз. Олар елдерінің бейбіт, ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуі үшін келісімге келуі айрықша маңызды»,-деді Е. Ыдырысов.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның басында Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері басталды.Осыған дейін Сирияның оппозициялық күштер тобы Қазақстанға өз елдеріндегі дағдарысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздерде ара ағайындық жасау туралы өтінішін білдіргені белгілі.

Соңғы жаңалықтар