12:50, 06 Мамыр 2017 | GMT +5
Сириядағы деэскалациялық аймақты бақылау үшін біріккен жұмыс тобы құрылады
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Сириядағы деэскалациялық аймақ туралы меморандумды іске асыру үшін біріккен жұмыс тобы құрылады. Бұл туралы РФ ҚК Бас штабы бас жедел басқармасы бастығының орынбасары, генерал-лейтенант Станислав Гаджимагомедов мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Мәскеудегі тілшісі РФ ҚМ Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар департаментіне сілтеме жасап.
«Болашақта барлық күш Деэскалациялау бойынша біріккен жұмыс тобын қалыптастыруға, буферлік жолақтар мен қауіпсіз аймақ координаттары бар картаны жасауға, оларды келіссөздердегі серіктестермен мақұлдастыруға жұмсалатын болады», - деді ол брифингте.
Гаджимагомедов атап өткендей, топтардың қызметі туралы есептер Астана процессі аясында Сирия ахуалын реттеу бойынша халықаралық кездесулер барысында тыңдалатын болады.
«Сонымен қатар, келісімді орындау үшін тиімді бақылау тетігі құрылады», - деп атап өтті РФ қорғаныс министрінің өкілі.