Сириядағы қазақстандықтар туралы бейнебаянды ақпараттық соғыс деуге болады - Е. Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы бейнебаянды ақпараттық соғыс деуге болады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында экстремизм мен лаңкестікке қарсы әрекет жөніндегі зерттеулер нәтижесі туралы баяндаған саясаттанушы Ерлан Қарин осылай мәлім етті.

Сириядағы қазақстандықтар туралы бейнебаянды ақпараттық соғыс деуге болады -  Е. Қарин

«Қазір Сирияда немесе Ауғанстанда екі жүз, тіпті үш жүз қазақстандық азамат соғысып жатыр деген әңгімелер айтылып жүр. Әсіресе, шетелдік сарапшылар тарапынан көп нәрсе айтылады, оған отандық сарапшылар да қосылып жүр. Менің ойымша, Сирияда жүрген қазақстандық азаматтардың санын әсірелетіп жіберген. Біздің зерттеуіміз бойынша, айтылып жүрген сандар шындыққа жанаспайды. Сонымен бірге, өткен жылы болған ақпаратты шын мәнісінде, Қазақстанға бағытталған ақпараттық соғыс деуге болады. Жарнаманың бір формасы болса керек. Оның негізгі мақсаты - сол аймақтарға қосымша адамдарды тарту», - деді Ерлан Қарин.

Оның атап өтуінше, топ-топ болып қазақстандықтардың соғысқа аттануын көрсету арқылы қандай да бір топ насихаттық қызметті жүзеге асырып отыр.

«Бүгінде терроризм бұл тек жарылыс пен атыс-шабыс қана емес, оны үлкен ақпараттық соғыс деп те түсіну керек. Сондықтан шынайы және жалған ақпаратты ажырата білген жөн», - деді Е. Қарин.