Сириядан қайтарылған азаматтардан қауіп бар ма - ҰҚК жауабы
«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Әлбетте, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Бақытбек Рахымбердиев.
Департамент басшысы атап өткендей, Сирия, Ирак, Ауғанстан аймақтарында қақтығыстар бірнеше жылға жалғасуда.
«Қақтығыс аумақтарынан қайтарылған барлық қазақстандықтардың 40 пайызға жуығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол турасында көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай террористік қауіп жоқ. Бұл ретте, ең басты мәселе - кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі - 1-5 жас аралығындағы балалар», - деді ол.
Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқыққорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.
Сонымен бірге, бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев «Жусан» операциясынан кейін де қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмыстары жалғасатынын мәлім еткен болатын.