Сирияға қарсы соғысты қолдайтын мемлекеттердің саны артып келеді

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сирияға қарсы әскери операцияны қолдайтын мемлекеттердің қатарына Германия да қосылды. Күні кеше ғана осы елдің сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле осындай мәлімдеме жасады.

Сирияға қарсы соғысты қолдайтын мемлекеттердің саны артып келеді
«Біз Сирияда химиялық қаруды қолдану бойынша халықаралық қауымдастықтан нақты шараларды талап ету туралы он бір елдің мәлімдемесіне қосыламыз. Мен және Германия канцлері Ангела Меркель аталған мәлімдемені қолдауға шешім қабылдадық», - дейді Г.Вестервелле. Бұған дейін осы мәлімдемеге АҚШ, Австралия, Канада, Франция, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Испания, Түркия және Ұлыбритания қол қойған болатын. Айта кетейік, Сирияға қарсы соғысты ашу бастамасын АҚШ президенті Б.Обама көтерді. Оның бұл бастамасын Американың сенаторлары қолдады. Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығының лауреаты Б.Обаманың өзі болса, конгресстің қолдауын күтіп отыр. Ресей және басқа да мемлекеттер Сириядағы соғысқа қарсы. Олар БҰҰ мамандары өткізген сараптаманың нақты қорытындысын күтуді талап етуде. Себебі халықаралық шарттарға сәйкес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рұқсаты болмай, халықаралық интервенцияны бастауға болмайды. Жақында Санкт-Петерборда өткен G20 саммитінде РФ президенті Владимир Путин Сириядағы соғыстың негізгі себебін де ашып берді. Оның айтуынша, Таяу Шығыста болатын қандай да бір шиеленістер ең алдымен мұнайдың әлемдік бағасына әсер етіп жатады.