Сириялық Оскар үміткеріне АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оскар» байқауына ұсынылған «Ақ дулығалылар» атты гуманитарлық ұйым туралы түсірілген фильмнің сириялық операторы Халед Хатибке АҚШ аумағына енуіне рұқсат берілмеді, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.
None
None

Ассошиэйтед пресс агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін 21 жастағы операторға америкалық виза берілген, бірақ Ыстанбұлдан Лос-Анджелеске ұшатын «Turkish Airlines» әуе компаниясының ұшағына отыруға рұқсат берілмеген.

Агенттік деректеріне сәйкес, АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі операторға қатысты қандай да бір «жайсыз ақпарат» естіп,  Хатибті ел аумағына кіргізуден соңғы сәтте бас тартқан. Ассошиэйтед пресстің жазуынша, мұның астарында лаңкестермен байланыстан бастап, қарапайым визалық режимді бұзуға дейін түрлі себептер болуы мүмкін.

«Құрама Штаттарға бару үшін қолданыстағы жол жүру құжаттары болуы тиіс», - деді ресми түсініктеме берген ішкі қауіпсіздік министрлігінің өкілі Жиллиан Кристинсен.

Оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың ислам дінін ұстанатындар көп шоғырланған жеті мемлекеттің азаматтарына елге келуге тыйым салатын жарлыққа қол қоюынан туындап отыр.

Netflix түсірген «Ақ дулығалылар» лентасы «Үздік қысқаметражды деректі фильм» номинациясы бойынша «Оскарға» қатыстырылуда.

40-минуттық  лентада Түркиядағы оқыту орталығынан Сирияға, бомба астында қалған тұрғындарды құтқаруға аттанған ұйымның үш еріктісі жайлы баяндалады. 

Соңғы жаңалықтар