Сириямен сауда-саттыққа қауіп төніп тұр: түріктің мал еті өнімдерінің экспорты тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Сирияда импорт тауарларға салынатын баж салығының 500%-ға дейін күрт көтерілуі Түркия экспортының тоқтатылуына әкелді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жерорта теңізі аймағы балық және мал шаруашылығы экспорттаушылар одағы (ASHİB) төрағасының орынбасары Әли Джан Яманйылмаз атап өткендей, бұрын түрік мал өнімдері экспортының 11-ші ең үлкен нарығы болған Сирия Түркиямен сауда қарым-қатынасында үлкен дағдарысқа ұшырады.

- Баж салығын арттыру экспорттық шығындарымызды күрт өсіріп, сұранысты азайтып, нарықтың жоғалуына әкеліп отыр, - деп атап өтті Яманйылмаз.
Ол бұл мәселе әсіресе Жерорта теңізі аймағынан экспорттаушыларға қатты әсер ететінін қосып өтті. Одақ төрағасының айтуынша, 2024 жылы Түркияның Сирияға экспорт көлемі құны 96,8 млн долларға 60 мың тонна өнімді құраған. Алайда 11 қаңтардан бастап баж салығы күрт көтеріліп, шекарада тауар жиналып, тоңазыту жағдайлары болмағандықтан тез бұзылатын өнімдердің бұзылу қаупіне әкелді.

Жоғары баж салығы сондай-ақ енді импорттық өнімдердің бағасын анықтай алмай отырған сириялық кәсіпкерлерге де кері әсерін тигізді.
- Қалыптасқан жағдай Сириямен сауда-саттықты іс жүзінде мүмкін емес етіп отыр. Бұл бизнес үшін де, тұтынушылар үшін де қауіп тудырып, заңсыз сауда үлесін арттырады. Бұдан басқа, сауда сөрелеріндегі бағаның өсуі сатып алу қабілетінің төмендеуіне және онсыз да аштық шегінде тұрған Сирия халқының азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына әкеледі, - деді ол.
Экспорттаушылар тарифтердің көтерілуі туралы шешім қайта қаралып, дипломатиялық күш-жігер тұрақты сауда қатынастарын қалпына келтіреді деп үміттеніп отыр.
Бұған дейін Сирия түрік тауарларына кедендік баж салығын күрт арттырғанын жазған болатынбыз.