Сирияның Мадайя қаласында аштықтан 16 адам көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирияның Мадайя қаласында аштықтан 16 адам көз жұмды. Бұл туралы «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымы хабарлайды, деп жазады khabar.kz.
Олардың айтуынша, ұзақ уақыт нәр татпаған тағы 33 адам ауыр халде жатыр. Бұл шаһар бірнеше жылдан бері Сирия Президенті Башар Асадқа қарсы бас көтерген оппозиция бүлікшілерінің бақылауында.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қаңтар айының басында Мадайяға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен тазалыққа қажетті заттардан тұратын гуманитардық көмек жеткізген болатын. Бірақ ол аз болғанға ұқсайды. Себебі Халықаралық қауымдастықтың мәліметі бойынша, үкімет әскері қоршауға алып, сырт әлемнен оқшауланған қалада 40 мыңнан астам тұрғын тұрады. Былтыр онда аштықтан 30 адам қырылыпты.